Content-Length: 122389 | pFad | https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%91%D0%B0%D0%BB%D2%9B%D0%B0%D1%80%D0%B0%D2%93%D0%B0%D0%B9

Балқарағай — Уикипедия Мазмұнға өту

Балқарағай

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Балқарағай (лат. Lárix) — қарағай тұқымдасына жататын қылқан жапырақты биік ағаш. Қазақстанда Алтайда, Тарбағатай және Сауыр тауларында өсетін бір ғана түрі — Сібір Балқарағайы (Lárix sіbіrіca) бар. Оның биіктігі 30 м-дей, діңінің диаметрі 175 см-ге жетеді. Ине тәрізді жіңішке, жұмсақ қылқан жапырақтарының ұзындығы 3–4 см, ені 1–1,5 мм, қыста түсіп қалады. Сібір Балқарағайы — қос жынысты, бір үйлі өсімдік. Аталық бүрі сопақша шар тәрізді, ақшыл, сары түсті. Ол жапырақсыз қысқа өркенде өніп, жетіледі. Аналық бүрі ұзынша қызыл, қызғылт, жасыл түсті, негізгі діңінде пайда болады. Жел арқылы тозаңданады. Мамыр-маусым айларында гүлдейді. Тамыз-қыркүйекте жемісі бүрімен қатар піседі. Дәні сарғыштау, күңгірт жолақты болады. 15–20 жылдан кейін жеміс бере бастайды, 300–500 жыл жасайды. Сібір Балқарағайы тез өсетін, жарық сүйгіш, суыққа, ыстыққа, күшті желге төзімді болғандықтан Солтүстік және Шығыс Қазақстан өңірлерінде екпе орман ағашы ретінде өсіріледі. Оның сүрегінен қағаз және спирт, қабығынан илік зат, бояу, ал қылқанынан бағалы эфир майы алынады.[1]

Сипаттамасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Біржылдық қылқандары жұмсақ, нәзік болады. Кәдімгі шырша, қарағай секілді биік болып өседі. Табиғатта 80 метрлік алып балқарағайларды да кездестіруге болады. Тамыры тереңге бойлап жайылады. Сондықтан да оны сел, көшкін жүретін маңдарға еккен абзал. Қылқандарын түріне қарай әр мезгілде түсіреді. Сібірлік балқарағай қылқанын қазан айының екінші жартысында түсірсе, американдық балқарағай қараша айында түсіреді. Балқарағай ерте көктемде, қылқаны шыққан уақытта гүлдейді. Гүлі деп қызыл, сары түсті әдемі бүрлерін айтады.

Балқарағай екі үйлі өсімдік болып саналады. Аталығының бүрі - дөңгелек қоңыр түсті болса, аналығы - қызыл, күлгін, сары түсті. Ол тез өсетін және ұзақ өмір сүретін ағаштар қатарына жатады. Туысында 20-ға жуық түрі бар. Оның ішінде еуропалық балқарағай суыққа шыдамсыз болып келеді. Ал, елімізде көбінесе сібірлік балқарағайлар өсіріледі. Олар көктемгі үсікке, қысқы суыққа өте төзімді. Балқарағайдың барлық түрлерінің (еуропалық, жапондық және т.б) бұтақтары төменге салбырап өседі. Арнайы жалғанбалы түрлері де бар. Бірақ, жалғанбалы түрлері суыққа шыдамсыз.[2]

Қолданылуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ағашы шірімейтін мықты болғандықтан құрылыста, химиялық өндірістерде кеңінен қолданылады. Кәрі балқарағайдың діңінен шайырды көруге болады. Оны кір жуғанда сабын ретінде қолданған. Ежелгі рим мен араб медицинасында таптырмас дәрі ретінде пайдаланған. Шайыр-сағызы ауыз қуысын, тісті тазартып, қызыл иекті нығайтады. Ағаштың қабығы да бағалы шикізат. Одан тері илегіш, эфир майын және тоқыма бояуларын алған.[2]

Балқарағай — жарықты сүйетін ағаш. Отырғызылатын жері көлемді, әрі кең болуы қажет. Жаз кезінде мол суғаруды қажет етеді.[2]

Көбейтілуі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Тұқымын себу және қалемшелеу арқылы көбейтеді.[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
  2. a b c d Құлжабаева Г.Ә.Қылқанжапырақтылар: Дидактикалық материал - Алматы, 2010 - 14 бISBN 978-601-7237-07-3

Сыртқы сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]








ApplySandwichStrip

pFad - (p)hone/(F)rame/(a)nonymizer/(d)eclutterfier!      Saves Data!


--- a PPN by Garber Painting Akron. With Image Size Reduction included!

Fetched URL: https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%91%D0%B0%D0%BB%D2%9B%D0%B0%D1%80%D0%B0%D2%93%D0%B0%D0%B9

Alternative Proxies:

Alternative Proxy

pFad Proxy

pFad v3 Proxy

pFad v4 Proxy