Content-Length: 174877 | pFad | https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%A2%D0%B0%D1%80%D0%B8%D1%85

Тарих — Уикипедия Мазмұнға өту

Тарих

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Тарих (араб.: تأریخ‎ — оқиғалар туралы әңгіме) — адамзат баласының өткенін зерттейтін қоғамдық ғылым.

Тарихтың негізгі пәні ретінде - адам рухы қарастырылады, соған қатысты тарихтың мақсаты адамдарға тек өткенін ғана ескеру емес, рухани дүниесін қалыптастыру екенін айта кеткен жөн. Тарих — үздіксіз даму үстінде болатын ғылым. Өткенін білмей қазіргісі мен болашағын бағалау мүмкін емес, қоғамның дұрыс бағытта дамуы үшін азаматтардың тарихи сауаттылығы мен белсенділігі орасан зор маңызға ие. Халықсыз - тарих жоқ, тарихсыз - халық жоқ деген мақал бекерге айтылмаса керек. Тарихи зерделеу арқылы тарихи сана, мәдениет, дәстүр, ұрпақтар сабақтастығы қалыптасады. Тарих болып жатқан оқиғаларды жан-жақты әрі тереңінен көре білу қасиетін дамытады және болашаққа дұрыс қадам жасауға жәрдемдеседі.

Терминнің мәні

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Тарих сөзі көне грек тіліндегі "сұрастыру", зерттеу" ұғымынан пайда болған. Тарих оқиғалар мен фактілердің шынайылығын анықтау үшін қажет болды. Көне Рим тарихнамасында (қазіргі заманда тарихнама тарихты зерттейтін тарих ғылымының бір саласы) бұл сөз тану мақсатында емес, әңгімелеу мақсатында қолданылған. Кейіннен тарих деп барлық оқиға, факт, ойдан құрастырылған әңгімелерді айта бастады.

Тарихтың қалыптасып дамуы. Сонау ежелгі дүниеде де тарихи әңгімелерді есіне сақтап, елге айтып отыратын адамдар болған. Қазақ халқы оларды шежіре айтушылар немесе шежірешілер деп атаған. «Шежіре» сөзі – есте сақтау, жадыдағы білім, рухани қазына дегенді білдіреді. Жазба тарихтың негізін салушы б.з.б. 484–425 жылдары өмір сүрген ежелгі грек тарихшысы, жиһанкезі Геродот болып есептеледі. Ол алғаш «Тарих» атты еңбек жазып, Батыс әлеміне «тарихтың атасы» деген атпен белгілі болды. Ал Шығыста тарихтың атасы деп Сыма Цяньді атайды. Ол б.з.б. 145–86 жылдар аралығында өмір сүріп, 130 тараудан тұратын «Тарихи жазбаларды» («Ши цзи») қалдырды. Бір ескертетін мәселе, өзге патшалықтар сияқты Қытайда да жылнамалар жазу дәстүрі ертеден бар еді. Сыма Цянь солардың бәрін жинақтап, жүйеледі. Б.з.б. 3-ші мыңжылдықтан бастап, өз заманына дейінгі тарихты жазып шықты. Көне замандардан бастап, ортағасырлық моңғол хандықтарына дейінгі тарихты жазып қалдырған тарихшылардың бірі Рашид ад – Дин болды. Ол кісі 1247–1318 жылдар аралығында өмір сүріп «Жами ат-тауарих» («Жылнамалар жинағы», парсы тілінде) кітабын жазды. Бұл кітап Ұлы дала өркениетінің көшбасшылары Алаша хан, Уыз хан туралы аңыз-деректерден басталады. Тарихты жазудың құндылығын жекелеген елдерде патшалар мен хандар түсінді. Олар өз сараай маңында болған оқиғаларды жазатын арнайы адамдарды ұстап отырған. Мұндай адамдарды жылнамашылар деп атаған. Осылай жазбаша тарих дәстүрі қалыптаса бастады, ол тәрбие құралына, мектептерде оқылатын пәнге айналды. Тарихты оқып-білу не үшін қажет? Өз тарихымызды, өзге халықтар мен мемлекеттердің тарихын оқып үйрену біз үшін бұрынғы ата-бабаларымыз қандай болғанын, қазір қандай екенімізді біліп, жан-жақты саралау үшін қажет. Біз тарихымыз арқылы өте маңызды оқиғаларды есте сақтаймыз. Туған жер, ата-бабаларымыздың батырлық, ерлік дәстүрі, тыныс-тіршіліктерін тарихтан оқып білеміз. Өнеге алып, болашағымызды болжаймыз, қателіктерін қайталамауға тырысамыз. Өткен замандардағы дара тұлғалардың ерлік дәстүрін оқып-білген жас ұрпақтан ғана елім-жерім деген ерлер шығады. Тарих пен шежіре – ұлтжанды азаматтарды тәрбиелеп өсіреді. Сонымен бірге азамат баласының бүкіл тарихына ой жүргізетін жол. Біздің мақсатымыз беру-халқымыздың әлем тарихында алатын өзіндік орнын, атқаратын қызметін білу.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]








ApplySandwichStrip

pFad - (p)hone/(F)rame/(a)nonymizer/(d)eclutterfier!      Saves Data!


--- a PPN by Garber Painting Akron. With Image Size Reduction included!

Fetched URL: https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%A2%D0%B0%D1%80%D0%B8%D1%85

Alternative Proxies:

Alternative Proxy

pFad Proxy

pFad v3 Proxy

pFad v4 Proxy