Content-Length: 170517 | pFad | https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%A8%D3%A9%D0%BB

Шөл — Уикипедия Мазмұнға өту

Шөл

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Иудея шөлі
Атакама шөлі

Шөлауа температурасы құбылмалы, жауын-шашын өте аз түсетін климат жағдайында қалыптасатын ландшафтың яғни жердің кедір-бұдырының бір түрі. Шөлде түсетін жауын-шашын мөлшерінен булану шамасы 7 – 30 есе артық болады.

Шөл топырағы және грунтына қарай:

  • ертедегі аллювийлік жазықтың борпылдақ жыныс қабаттары үстінде қалыптасқан құмды шөл;
  • гипстелген құрылымды үстірт пен тау алды жазығындағы малтатасты және құмды-малтатасты шөл;
  • үстірттегі және тау алды жазығындағы гипстелген қиыршық тасты шөл;
  • аласа таулар және ұсақ шоқылардағы тастақты шөл;
  • жамылғысы сәл карбонатты саздақты жердегі саздақты шөл;
  • тау етегі жазығындағы ллссті шөл;
  • тау алды жазығы мен өзендердің ескі атырауларындағы саздақты тақыр шөл;
  • тұзды мергелдік және сазды аласа таулы өңірдегі саздақты-шөладырлы шөл;
  • тұзды құмтөбелер және теңіз жағалауындағы сортаң шөл болып бөлінеді.

Құрлықтың ішкі бөлігінде орналасу жағдайына қарай құрлықтық (Гоби, Такла-Макан, т.б.) және құрлықтардың батыс жағалауларында орналасқан жағалаулық (Атакама, Намиб, т.б.) шөлдерге бөлінеді. Географиялық орнына қарай: тропиктік, субтропиктік, қоңыржай белдеу және Арктика мен Антарктида (арктиктік шөл немесе мұз шөлі) шөлдері болып бөлінеді; тауларда шөл (суық биіктаулық шөл) биіктік ландшафт белдеуін құрайды.

Негізінен шөлдерде бұлтсыз ашық күндер саны 197—295 шамасында. Жазы ыстық. Қоңыржай белдеулік шөлде шілденің орташа температурасы 22 – 32С; ең жоғары температурасы 50С; тропиктік және субтропиктік белдеудегі шөлдерде 30 – 38С. Солтүстік Америкадағы Ажал аңғарында ауа температурасы 56,7 С-қа дейін көтеріледі. Шөлдегі топырақ беті кейде 90 С-қа дейін қызады. Жылдық жауын-шашын мөлшері 175 – 200 мм; Такла-Макан шөліндегі орташа мөлшері 9 мм шамасында. Судың булануы, жерге сіңу шығыны көп болғандықтан, шөл арқылы ағатын кейбір өзендер сағасына жетпей тартылып қалады. Топырақ қабатындағы ылғалдың тапшы болуына байланысты шөлдің өсімдік жамылғысы негізінен кедей, онда тек қуаңшылыққа бейімделген өсімдіктер өседі. Шөптесін өсімдіктен эфемерлер және эфемероидтар көп тараған. Субтропиктік және тропиктік, құрлықтың ішкі бөліктеріндегі шөлдерде, әсіресе Африка, Араб түбегіАрабия шөлдерінде суккуленттер, ксерофиттік бұталар және көпжылдық шөптер өседі. Солтүстік Америка және Аустралияның субтропиктік шөлдеріндегі өсімдік жамылғысы басқа шөлдерге қарағанда түрлерге бай келеді. Шөл жануарлары өзін қоршаған географиялық ортаның қатал жағдайына бейімделген. Қосаяқ, кесіртке, жылан, құм сарышұнақтары, құм тасбақалары, қарақұйрық, ақбөкен және т.б. мекендейді. Дүние жүзіндегі ең ірі шөл – Сахара. Қазақстан мен Орталық Азиядағы ірі шөлді аймақтар: Мырзашөл, Қарақұм, Қызылқұм, Бетпақдала. Шөлдің ландшафтысы Жер шарының 19%-ында, Қазақстан жерінің 44%-ында қалыптасқан;

Шөлдердегі табиғат жағдайлары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Шөл даланың шетінде өмір сүретін адамдардың өмірі өте осал табиғат жағдайларында өтеді. Су алтынмен тең, топырақтың жұқа қабатын байланыстыратын және шөлді оның шегінде ұстап тұруға көмектесетін ағаштар мен басқа да өсімдіктердің де бағасы осындай. Ретсіз ауылшаруашылық жұмыстары немесе шөл даланың шетінде өмір сүруге тырысатын адамдар санының шамадан тыс көптігі шөлейт жерлерді нағыз шөлге айналдыруы мүмкін. Бұл шөлге айналулар деп аталады. Өте көп қой немесе ешкі ұстайтын фермерлер немесе отынға өте көп ағаш шауып алатындар құнарлы жайылымдар мен егістіктер шөлге айналатынын байқайды. Климаттық өзгерістер де шөлдердің кеңеюінің себебі болуы мүмкін. Шөлдердің де мұхиттар сияқты кейін қайтуы және орын ауыстыруы мүмкін сияқты. Мысалы, Сахараның спутниктік фотосуреттері оның бірнеше жылдар бойы Оңтүстікке қарай жылжығанын, ал содан соң кері қарай қайтқанын көрсетті. 450 миллионға жуық жыл бұрын Сахара мұз жамылып жатты. Сахараның орасан зор құм теңіздері эрг деп аталады. Алжир мен Тунис арасындағы ең үлкен эрг Испанияның көлеміндей аумақты жауып жатыр.

Оазис немесе Шұрат - шөлдегі жасыл "арал", шөлден қиналған саяхатшылар үшін жұмақ. Ол жердегі өсімдіктер құдықтардың сулары немесе жер асты көздерінің есебінін өседі.

Сахара шөлінің астындағы тау жыныстарының қабатында да көп су сақталған.[1]

Шөл игеру — ылғалы аз, ыстығы мол өңірлердегі шаруашылық айналымына қосу мақсатымен жүзеге асырылатын шаралар жиынтығы.

Қызықты деректер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Кактустардың суды сорып, сақтайтын қабілеттері бар.
  • Шөлде өсетін түйетікен шөбі қантқа бай. Жылы ауа райында өсімдіктің сабағынан қант бөлініп шығады да, түйір-түйір болып қатып қалады.
  • Біржылдық шөл өсімдіктерінің көбі тек жауын-шашын маусымынан соң дүркіреп өседі және олардың көктеу кезеңі тез аяқталады.
  • Мохаве шөлінің кейбір жерлері саябақтарға айналған. Мысалы, «Өлім жазығы» атты ұлттық саябақ, «Ешуа» атындағы ұлттық саябақ және т. б.[2]

Тағы қараңыз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Русско-казахский толковый географический словарь. Под общей редакцией академика АН КазССР, проф. С. К. Кенесбаева и кандидата филол. наук А. А. Абдрахманова. Алма-Ата, Изд-во «Наука», 1966, стр. 204. (Академия наук Казахской ССР. Институт языкознания. Сектор физической географии). Составители: Ж. Аубакиров, С. Абдрахманов, К. Базарбаев.
  2. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том








ApplySandwichStrip

pFad - (p)hone/(F)rame/(a)nonymizer/(d)eclutterfier!      Saves Data!


--- a PPN by Garber Painting Akron. With Image Size Reduction included!

Fetched URL: https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%A8%D3%A9%D0%BB

Alternative Proxies:

Alternative Proxy

pFad Proxy

pFad v3 Proxy

pFad v4 Proxy