Content-Length: 167175 | pFad | https://kk.wikipedia.org/wiki/%D2%9A%D2%B1%D1%82%D1%8B%D1%80%D1%83

Құтыру — Уикипедия Мазмұнға өту

Құтыру

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Құтырған ит

Құтыру (лат. rabies) — құтырған хайуанаттардың: иттің, мысықтың, түлкінің, қасқырдың шакалдың қабуынан немесе тістеуінен пайда болады. Жарқанат және басқа хайуандар да құтыруды таратушы болуы мүмкін.[1]

Тарихи деректер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Құтыру өте ерте заманнан, адамзаттың мәдени тарихи қалыптаса бастаған кезден белгілі. Ол туралы мәліметтер Вавилонның б.з.д. 2300 жылы жасалған заңдар жинағында кездеседі. Демокрит иттің құтырығын жан-жақты баяндаса, Аристотель әртүрлі жануарларға құтырықтың ит қапқанға жұғатындығын жазды. І.Есенберлиннің "Алтын Орда" романында Әмір Темірдің Алтын Орданың болашақ ханы Тоқтамыстың құтырған ит талаған әйелі мен баласын өртетіп жібергені суреттелген. Құтырған ит сілекейінің жұғымталдығын алғаш рет тәжірибе жүзінде 1804 жылы Францияда Цинке дәлелдеді. Оның отандасы Лион ветеринария мектебінің профессоры В.Гальте үй қоянына құтырық жұқтырып, қойды ауырған жануардың сілекейімен иммундеуге тырысты. Бұл деректерді пайдаланған Л.Пастер үй қоянының миына бірнеше рет өткізу арқылы аурудың қоздырушысын әлсіретіп, өзінің дүниежүзіне әйгілі вакцинасын алды. Құтырық қоздырушысының вирус екендігін бұдан көп кейін 1903 жылы Ремленже мен Риффат-бей делелдеді. Румын ғалымы В.Бабеш және италяндық А.Негри кейіннен Бабеш-Негри денешігі деп аталып кеткен құтырыққа шалдыққан жануардың ми нейрондарының протоплазмасында болатын ерекше құрылымды ашты.

Қоздырушысы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Pabies lyssavirus - рабдовирустар тұқымдастығының лиссавирустар туыстастығына жатады. Барлық рабдовирустар секілді оқ пішінді. Вириондарының ұзындығы 180 нм, көлденеңі 75-80 нм. Өсіп келе жатқан тауық және үйрек эмбриондарында, кейбір торшалардың өсінінде өсіруге болады. Бұл вирустың екі негізгі антигендері бар. Еритін S-антиген (капсид нуклеопротеиді) - барлық құтырық вирустарына ортақ және V-антиген (вирионның сыртқы қабығындағы гликопротеид) вирустың әрбір жеке титріне тән. Соңғы антигенге байланысты құтыру вирустары 4 сереворға бөлінеді. Індет кезінде кездесетін және лабороториялық құтыру вирустарының көпшілігі бірінші сереворға жатады. Басқа сереворлары әзірше тек Африкада бөлініп алынған.

Төзімділігі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Құтыру вирусы 60 градус кезінде 10 минут өткенде 100 градустан бірден белсенділігін жоғалтады. Төменгі температураға төзімді болады да, тоңазылтқыш қатырылған мида айлап сақталады. Шіри бастаған материалда 2-3 апта бойы тіршілігін жоймайды. Қолданып жүрген дезинфектанттардың кәдуілігі концентрациясы: 1-2% лизол ерітіндісі, 2-3% сілтілер, формалин және хлорамин вирусты тез арада белсенділігін айырады.

Індеттік ерекшеліктері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Құтырықпен барлық жылы қанда үй және жабайы жануарлар, сонымен бірге адам да ауырады. Ит тектестер, сусар тектестер, жарқанат, кемірушілердің көптеген түрлері және үй мысығы аса бейім. Бұлардан адам мен төрт түлік малдың бейімділігі төмен, ал құстардың бейімділігі өте төмен. Жас жануарлар ересектерінен гөрі құтырық вирусына сезімтал келеді. Құтырық табиғи ошақты жұқпалы аурулардың қатарына жатады, оның қоздырушысының табиғатта сақталатын қорламасы үй және жабайы ет қоректілер, ал кейбір өлкелерде - жарқанат. Қорламасына байланысты құтырық індетінің табиғи және қалалық түрлері болады. Инфекция қоздырушысының бастауы қалалық індет кезінде иесіз иттер мен мысықтар, ал табиғи індет кезінде жабайы ет қоректі жануарлар.

Вирус денеге түскен соң аз уақыт енген жерінде сақталады да, жүйке талшықтары арқылы орталық жүйке жүйесі бағытында алдымен жұлынға, соғынан миға өтеді. Қоздырушының мидың сұр затында өсіп-өнуі іріңсіз шашыранды энцефалиттің өрбуіне әкеп соғады. Мидан вирус қайтадан орталықтан кері бағытта сілекей бездеріне келіп түседі. Онда жүйке торшалары бүлінген кезде вирус бездің түтігіне өтіп, сілекеймен араласады. Мидан қоздырушы сонымен қатар көздің тор қабаты мен мүйіз қабатына, бүйрек үсті безіне жетеді, бәлкім оларда да өсіп өнеді.

Өтуі мен симптомдары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Жасырын кезеңі бірнеше күннен бір жылға дейін, кейде одан да арттыққа созылады, әдетте 2-3 апта аралығындай болады. Оның ұзақтығы құтырған жыртқыштың тісінен болған жарақаттың шамасы мен түскен орнына, вирустың мөлшері мен уыттылығында, таланған малдың төзімділігіне байланысты. Инкубациялық кезең жас төлде ересек малға қарағанда әдетте қысқарақ болады. Құтырық жіті өтетін ауру. Әр түрлі жануарларда оның клиникалық белгілері ұқсас болады, әсіресе иттің құтыруы жан-жақты зерттелген. Итте құтырық өршіген және бәсең түрде өтеді. "Өршіген құтырықтың" 3 кезеңі болады:

  • біліне бастаған;
  • көтерліген;
  • дел*дал.

Біліне бастаған кезең 12 сағаттан 3 тәулікке дейін созылады, бұл кезде жануардың мінезінің өзгеруі байқалады. Ит көңілсіз немқұрайлы болып, қараңғы бұрышқа немесе үйшігіне тығылады, иесінің шақуруына ықылас білдірмейді. Кей жағдайда иесіне тым еркелеп, қолын бетін жалауға тырысады.Бұл кезде иттің сілекейінде вирус болтаныдықтан, өте сақ болған жөн.

Патологиялық өзгерістер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

"Патологиялық өзгерістердің" құтырық кезінде айтарлықтай ерекшеліктері болмайды, клиникалық белгілерімен қарастырғанда ғана айтарлықтай диагностикалық маңызы бар. Өлексені сырттай қарағанда арықтағаны, тістелінген, үйкелген орындары көрінеді. Басындағы, мойынындағы жүндері сілекейленген. Сойып қарағанда ішкі ағзаларында қан іркілген. Қарыны бос, ет қоректі жануарлардың қарынында жеуге жарамсыз заттар болады.

Құтырған жануарды емдемейді, тез арада өлтіреді, өйткені оның адамға ауру жұқтыру қаупі зор. [2]

Құтырудың белгілері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Хайуандарда

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Бір түрлі күйде болады, кейде сұлық жатады, мазасызданады, ашуланшақ болады;
  • Аузы көбіктенеді — ішіп-жей алмайды;
  • Жанына жолағанның бәрін қауып, тістеуі мүмкін.
  • Хайуан 5 күн 7 күннің аралығында өледі.
  • Тістеген жер ауырып, ысиды;
  • Алқынып демалады, түрі жаңа гана жылаған адам сияқты болады;
  • Ауырсынып және қиналып жутынады, аузының сілекейі қоюланып, желімдесе береді;
  • Адамды үрей билейді, ашуланшақ келеді, құтырынып, алас урады;
  • Өлім алдында талма үстап, дене құрысып сал болып қалады.

Егер сізге біреуді тістеген немесе қапқан хайуан қутырған болуы мүмкін деген ой келсе:

  • Хайуанды байлаңыз немесе бір апта сыртқа шығармай ұстаңыз;
  • Тістеген жерді сабынмен, сумен және сутегі асқын тотығымен (перекисьпен) жақсылап тазартыңыз, жараны жаппай, ашық қалдырыңыз;
  • Егер хайуан бір аптага жетпей өлсе (егер ол өлтірілген болса немесе ұстатпай кетсе) зардап шеккен адамды ауруханаға апарыңыз, сол жерде оған қатарынан бірнеше рет құтыруға қарсы дәрі шанышады.

Құтырудың алғашқы белгілері тістегеннен кейін 10 күннен 2 жылға дейінгі уақыт аралығында (әдетте 3—7 аптадан кейін) байқалады. Емдеуді алғашқы белгілері білінгенге дейін бастау керек. Ал ол белгілер көрінгеннен кейін ештеңе де, тіпті осы заманғы медицина да адам өмірін құтқара ала алмайды.

  • Құтыруды деп сезік туғызған кез келген хайуанды өлтіріп, көміп тастаңыз (немесе бір апта бойы үйшікте ұстаңыз);
  • Иттерді вакцина жасау жөніндегі шараларға қатысыңыз;
  • Ауырған сияқты көрінген немесе мінезінде өзгеріс болган кез келген хайуаннан бала-ларды аулақ үстаңыз.

Ауырған сияқты көрінетін немесе мінезінде өзгеріс бар хайуандарға көңіл бөліп, барлық сақтық шараларын қолданыңыз. Тіпті ол ешкімді тістеп қаппағанда да оның сілекейі дененің кесілген немесе жырылған жеріне түссе құтыру туғызады.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, I том
  2. Сайдулин Т. Індеттану және жануарлардың жұқпалы аурулары. Алматы










ApplySandwichStrip

pFad - (p)hone/(F)rame/(a)nonymizer/(d)eclutterfier!      Saves Data!


--- a PPN by Garber Painting Akron. With Image Size Reduction included!

Fetched URL: https://kk.wikipedia.org/wiki/%D2%9A%D2%B1%D1%82%D1%8B%D1%80%D1%83

Alternative Proxies:

Alternative Proxy

pFad Proxy

pFad v3 Proxy

pFad v4 Proxy