Content-Length: 124303 | pFad | http://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%95%D1%82%D1%96%D0%BA

Етік — Уикипедия Мазмұнға өту

Етік

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Саптама етік. ҚР ҰМ қорынан. Саптама етік қара былғарыдан түзу табан етіп тігілген. Етіктің тұмсығына қоңыр түсті сіріден үшкіл пішінді мұрт деп аталатын қиық жапсырылған. Сірөкшесінің ту сыртына геометриялық өрнекті қатты көн салынған. Ал сірөкшенің дәл ортасына батқы деп аталатын металл құйма орнатылған. Қонышы: алды 44 см, арты 40 см, табан: ұзындығы 30 см, ені 8,5-10,5 см, өкше биіктігі 1 см. Саптама етіктің ішінен киетін киіз байпағы бар. Байпақтың аузы қызыл матамен көмкеріліп, оған қошқармүйіз өрнегі сырылған. (Байпағының қонышы: алды 46 см, арты 43 см, табан: ұзындығы 28 см, ені 7-9 см).

Етік – былғарыдан тiгiлетiн қонышты, өкшелі аяқкиiм түрі. Етіктің түр-түсіне, жасалған материалына, безендірілуіне, өрнектелуіне, маусымдық түрлеріне қарай қалыптасқан атаулары бар.

Етік бөліктері

Етік бөліктерінің атаулары. А: 1 – қоныш; 2 – сыздық; 3 – сір өкше; 4 – өкше; 5 – шажамай, тіреме; 6 – ойма; 7 – керсен; 8 – басы; 9 – тұмсық; 10 – жіпсе. Ә: 1 – қоныш; 2 – белтір; 3 – жұлма; 4 – ұлтан; 5 – табан. Б: 1 – нәл; 2 – тақа; 3 – мық (ағаш шеге); 5 – табан. Суретін салған Ж. Шәйкен

Етік бөліктерден: етіктің басы – аяқтың башпайлары мен мойнын қауып ұстап тұратын бөлігі; қоныш – етіктің балтырды жауып тұратын бөлігі; белтір – етіктің басы мен қонышының арасы; керсен – етіктің желкесі; ойма – етіктің қонышы мен басы қосылатын үстіңгі беті; өкше – аяқкиімнің артқы төменгі бөлігі; табан – жер басатын бөлігі; шажамай – басы мен табанының қиысқан аралығына салынатын көмкерме қиынды.
Бұл бөліктер қалыпқа кигізіліп, құрастырылып тігіледі; тұрқы – етіктің өкшесі мен тұмсығының арасы; бауырдақ – етіктің өкшесіне салатын темір; нәл – етіктің өкшесіне, тұмсығына қағылатын темір, осыған байланысты ел аузында "Ерді құдай сақтайды, етікті нәл сақтайды", – деген нақыл сөз бар. Пішпек – етіктің өкшесінің ішіне салатын көн; таға немесе тақа – өкшеге қағылатын доғалана иілген темір; үшкіл – етіктің сірісі; сіртақа – сір өкше (өкшеге қағылатын қатты былғары); тойнақ – металмен қапталған өкше; сыздық – етіктің тігістерінің арасына салынған таспа т.б.
Ұлтан мен ұлтарақ арасына қайыңның қабығы астар ретінде салынады.
Аяқкиім табанына салынатын қалың әрі қатты былғары ұлтан деп аталады. Оның түрлері: жетім ұлтан – аяқкиімге екінші рет қағылған ұлтан; жіпсе – ұлтанның астындағы екінші ұлтан, сыздық; бұру ұлтан – етіктің ішкі ұлтаны, бұл бүрме ұлтан деп те айтылады; ақмұрт – етіктің ішкі өзге түсті ұлтаны, ішкі табаны; шолақ ұлтан – етіктің қос ұлтаны, ішкі ұлтанды ішкілік деп те атайды; жұлық – ұлтан мен бастың ұштасқан тұсы. "Жұлық жамаған жарымайды" деген мақалға қарағанда оны тігу ақысы мардымсыз болғанға ұқсайды.
Ыста ұсталған, көн болып қатып қалған қасаң, шылғи теріні қазақ сірі дейді. Одан жасалған өкшенің ең ішкі астары – сір астар, өкшенің ішін қалыңдата қойған қалың көн – сіріөкше деп аталады. Етікшілер етік тіккенде өкшесі мыжылмасын деп оған қатты көннен немесе қайыңның тозынан (қабығынан) кепіл салады. Оны да сіріөкше деп атайды. Қазақта өте шыдамды, төзімді адам туралы айтылатын «жаны сірі» деген тұрақты тіркес осыдан қалыптасса керек.

Етіктердің тігілу түріне қарай жіктелуі

Етіктер тiгiлу түрiне қарай: басы мен қонышы тұтас келген бiтеу бас етiк, айнала жұлығын басқа былғарыдан келтiрген құймалы етiк, басы мен қонышын жаңа ұлтан салып, өкшесiн түзеп жаңғыртып тiккен ұлтарған етiк деп аталатын түрлерге жіктеледі. Етікті бітеубас етіп тігу тәсілінде етіктің бас пен қоныш бөлігі тұтас пішіліп, ұлтарылады.

Етіктердің материалына, пішіні мен әсемдігіне байланысты түрлері

Жібек етік. ҚР ҰМ қорынан.
Ақмұртты биікөкше етік.
  • Етіктің тігілу материалына қарай: көн етік, сырма киіз, киіз етік, әміркен етік (әміркен деп ХХ ғасырда пайда болған американдық технологиямен жасалған сырлы (лакталған) бағалы былғарыны айтқан), бұғы терісінен тігілген етік, былғары етік, қызыл түсті былғарыдан тігілген қызыл етік, аң, тай терісінен тігілген жарғақ мәсі, ешкі терісінен тігілген көзел етік (орыстың козел сөзінен), қонышы жібектен тігіліп, көгеріспен кестеленген жібек етік, жылқының сауыр терісінен жақсы өңделіп, иленген, өте сапалы былғарыдан тігілетін көксауыр етік деген түрлері бар.
  • Етіктің жалпы сұлбасы, пошымына қарай: біз тұмсық етік, үшкір тұмсық етік, жекей табан, құмырсқа бел деген түрлері де бар.
  • Етіктің әсемдеп сәнделуіне қарай: кестелі етік, сырма етік, жібек (кестелі) етік, өкшесі қоңыраушылармен әшекейленген – қоңыраулы етік, қонышына, тұмсығына қайыс немесе ызылған бау тағылған ақмұртты етік деген түрлері болған.

Етіктің бөліктерінің ерекшеліктеріне байланысты түрлері

Мықшима көксауыр етік. ҚР ҰМ қорынан.
Саптама етік. ҚР ҰМ қорынан.
  • Етіктің табаны: түзу табан және қисық табан деп бөлінеді. Түзу және қисық табан деп аталу себебі – етіктің оң және сол жағы бірдей етіп пішілген, яғни, етік пішкенде оң аяқ қалыбы сол аяққа да қолданылады. Сондықтан етіктің сол аяқ сыңарының табаны қисық келеді. "Кигенім аяғыма жекей табан, жеке басып жүргенім бұл бір заман", – деп халық өлеңінде айталатын жекей табан етіктер өкшелі, әдемі тігілген жеңіл етіктер қатарына саналады. Жаз мезгілінде, атқа мінгенде киетін табаны жұқа, жеңіл, ықшам әрі сәнді етіп тігілген ерекше етікті жекей етік деп атайды.
  • Қостабан етіктің ерекшелігі өкшесі екі босағалы болады. Көнді өкшесінің шетін айналдыра немесе артқы жағына жапсырады, сір өкшесіне тіреме (кей жерде отырма) салады. Ер адамдарға арналған ондай етік берік болады.
  • Дәстүрлі ортада тұтынылған етіктің қонышына қарай: жарма қоныш етік, шолақбас етік, саптама етік (қонышы тiзеден асып, қара санға дейiн жететiн етік) жырым етік деген түрлері бар. Мұндай етіктерді еркектер қыс мезгілінде киген, тарамыспен көктеп, ағаш шегемен шегеленген үлкен саптама мен жарма қонышты етіктер бағалы аяқкиім қатарына жатады.
  • Атқа мініп-түсуге қолайлылық тудыратын ат үстінде ұрыс салу кезінде аяғын үзеңгіге тірей түрегелгенде таяныш болып, аяқтың үзеңгіден өтіп кетпеуін қамтамасыз ететін сақтық шарасы ретінде үлкен міндет атқаратын етік өкшелері кейінгі кезде пайда болған. Етіктің өкшесіне қарай: мықшима етік, жуан өкше, қазық өкше, жез өкше, биiк өкше, аласалау бес тақа етік және жайдақ етік, шоңқайма етік, аласа өкшелі қарапайым етік – жайтабан деген түрлері кең қолданысқа ие болған. Саптама етіктің мықшима деп аталатын түрінің өкшесінің түбі жуан, жер басары жіңішке, тұмсығы жоғары қарай қайқы, биік өкшелі болып келеді.
  • Ерлерге арналған етіктің өкшесіне темір нәл, тұмсығына тасқағар орнатқан. Ер адамның аяғы мен тізе буынын суықтан сақтау үшін иленген көннен тігілетін, қонышы тізеден асатын, қыс маусымына арналған саптама етік ішіне киіз байпақ сиятындай қонышы кең, әрі биік болады. Жаз маусымында киетін, той, мерекеге арналған саптамаға көк сауыр тері жапсырып, ою бастырып әшекейлеп тігеді. Сал мен серілер және бозбалаларға арналған шажамайы мен ернеуі жақсы былғарымен астарланған етіктердің ұлтанына сықырлап жүрсін деп тоз және күкірт салады.
  • Саптамаға ұқсас шоңқайма деп аталатын етіктің қонышы екі жағынан жармаланып, тізеден төмен, өкшесі биігірек әрі тайқы болып тігіледі. Сондықтан ол «жарма қоныш» деп те айтыла береді. Байпақпен, шұлғаумен киіледі. Қонышына түрлі өрнек кестеленген оюлы етік деп аталатын түрін әйелдер мен ауқатты адамдар киген.
  • Етіктiң биiк өкше, жарма қоныш, тiремелi, көксауыр, саптама, жұмсақ табан, үшкiл тұмсық, шоңқайма деген түрлерi бағалы аяқкиімге саналған. Етіктің қыз-келіншектер киетін биік өкшелі етік, өкшесі жезбен әшекейленген жез тойнақты (өкшелі) етік деген түрлері де бар.[1]

Дереккөздер

  1. ҚАЗАҚТЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАР, ҰҒЫМДАР МЕН АТАУЛАРЫНЫҢ ДӘСТҮРЛI ЖҮЙЕСI. Энциклопедия. – Алматы: РПК “СЛОН”, 2012. – (илл.) ISBN 978-601-7026-17-23-том: К – Қ – 736 бет.ISBN 978-601-7026-21-9

Әдебиеттер

  • Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. Алматы: Өнер, 1987;
  • Шойбеков Р.Н. Етікшілік өнеріне байланысты кейбір атаулар. Тілтаным. 2006. №3;
  • Қазақтың дәстүрлі киім-кешектері. Іле халық баспасы, 2006;
  • Қазақтың дәстүрлі киім-кешегі. Ғылыми каталог (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде). Ғылыми редактор және жоба жетекшісі Нұрсан Әлімбай. Алматы: Өнер, 2009;
  • Старостина О.В. Обувь в традиционной культуре народов Средней Азии и Казахстана (ХІХ – первая треть ХХ в.). Авто-реферат. Санкт-Петербург, 2009;
  • ҚР МОМ – материалдарынан;
  • ОМЭЭ – материалдарынан.








ApplySandwichStrip

pFad - (p)hone/(F)rame/(a)nonymizer/(d)eclutterfier!      Saves Data!


--- a PPN by Garber Painting Akron. With Image Size Reduction included!

Fetched URL: http://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%95%D1%82%D1%96%D0%BA

Alternative Proxies:

Alternative Proxy

pFad Proxy

pFad v3 Proxy

pFad v4 Proxy