Аңғар
Аңғар — бедердің теріс пішіні, ені ұзындығымен салыстырғанда тар, бастауынан сағасына қарай еңістеу болатын жер бетіндегі ирелең тереңдеме. Өзен аңғары дегеніміз – өзен арнасы орналасқан шатқал. Өзеннің аңғарлары да пішіні бойынша жіктеледі. Олардың өз ерекшеліктері болады. Өзеннің ұзына бойы ағысына қарай аңғарлар жоғары, ортаңғы, төменгі ағыс бөліктеріне бөлінеді.
Жалпы мәліметтер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Аңғарлар бір-бірімен кездескенде қиылыспайды, қосылады. Аңғар ағын судың шаю әрекетінен (эрозия)пайда болады, басқа экзогендік-процестердің әсері шамалы. Аңғар басты және бүйірлік болып бөлінеді. Бүйірлік аңғар басты аңғардың саласы болады. Олардың есебі екі түрлі жолмен:
- бастысынан бастап кішілеріне қарай;
- бастауындағы саласы жоқ саладан бастап жүргізіледі.
Әрбір аңғардың көлденең қимасында бөлінетін морфологиялық элементтері:
- арна — ең төменгі тар суағар бөлігі;
- жайылма — өзен тасығанда су басып қалатын табаны;
- террасалары — сатылана көтерілген бұрыңғы жайылмалары.
Терраса беткейлері әр түрлі, беткейдің төменгі бүгілмесі табан сызығы, жоғарғысы жиегі деп аталады. Бастауларының пішініне қарай жабық (тұйық ) және ашық аңғарлар деп бөлінеді. Географиялық және геологиялық жағдайларға байланысты аңғар типтері көп және әр түрлі.[1]
Аңғар, өзен аңғары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Аңғар, өзен аңғары (Долина, речная долина) — жер бедерінің аса енді емес, әдетте, ұзына бойы ирелеңдеп созылып жататын, ойыстау, жалпы еңістігі өзеннің бастауынан сағасына қарай бағытталған нысаны. Бірнеше аңғарлар қосылып, ірі аңғарлар құрайды. Еш уақытта бір аңғар екінші аңғарды кесіп өтпейді. Аңғардың қалыптасуы жер бетінде өтіп жатқан аса күрделі климаттық, эрозиялық, мұздық, тектоникалық процестер мен оқпалық (карст) құбылыстарға тікелей байланысты. Ағын су әрекетінен пайда болған эрозиялық аңғар, қалыптасуынан тектоникалық әсер (тау қалыптасу процестері) көрінетін аңғар тектоникалық аңғар, жанартау әрекетінен болған аңғар, мұздық аңғар және т.б. болып жіктеледі. Өзен аңғарының қалыптасу, даму процестері мыңдаған жылдарға созылады. Аңғардың ең алғашқы нысандарына сайлар мен жыралар жатады.
Кесе көлденең қимасының сипатына карай аңғарлар мынадай типтерге жіктеледі:
- 1) саңылау — терең әрі тар аңғар, беткейлері әдетте тіп-тік, кейде арнаға қарай еңкіш келеді, аңғардың табанын түгелдей су алып жатады, тек тауларда ғана кездеседі;
- 2) каньон — өте құлама беткейлі терең аңғар, әдетте, табаны тар, таудан шыға берісте, немесе тауларда кездеседі;
- 3) шатқал — терең жартасты тау аңғары, әдетте, беткейлері шығыңқы келіп, құламасы етегіне қарай өседі;
- 4) трапецияға ұқсас — шығыңқы немесе түзу көлбеу кең аңғар, бұл жазықтағы аңғардың сипаты. Осы аңғардың бір түрі — жәшік тәрізді табаны тегіс, беткейі құлама аңғар;
- 5) астау тәрізді — беткейлері ойыс (батыңқы), етегіне жақын біртіндеп көлбей түседі, мұздық әрекетінен болған құбылыс. Мұнан өзге V — тәрізді, U — тәрізді және т.б. аңғарлар кездеседі.
Аңғар беткейлері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Аңғар беткейлері (Склоны долины) — өзен аңғарының екі жағалауын шектейтін, еңістігі өзен арнасына қарай бағытталған жер беті. Аңғар беткейлері биік, төмен, тік, көлбеу болып келуі мүмкін. Ал көлденең бітімінің нысанына карай — түзу, ойыс, шығыңқы, баспалдақты және т.б. болады. Дамыған аңғарлардың беткейлері өзен жағасынан террасалармен ерекшеленген болып келеді.
Аңғар табаны
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Аңғар табаны (Дно долины) - өзеннің арнасы мен жайылмасы кіретін, аңғардың өзге бөліктерімен салыстырғанда тегіс келген төменгі бөлігі.[2]
Аңғар мұздықтары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Аңғар мұздықтары (Долинные ледники) — қатты жауын-шашынның жиналу жылдамдығы абляция және өзге де шығындардан асып түсетін, қоректену алқабы (қиыршық қар алабы — фирн) мен шығындалу алқабы (мұздық тілі) айқын көрініске ие тау мұздығы. Әдетте, қоректену алқабына мұздық қалыптасқан орын (цирк), кейде мұздыққа іргелес жатқан беткейдің жазық беттері мен жоталары кіреді. Мұздықтың тілі аңғармен ылдилай отырып, қар шегінен төменге түседі.
Аңғар мұздықтары морфологиялық тұрғыдан алғанда қарапайым (бір ғана мұз ағысынан тұратын) және күрделі (бірнеше қапталдық салалардан тұратын) немесе полисинтетикалық мұздықтар болып жіктеледі. Қарапайым мұздықтар көбінесе Альпіде кездесетіні себепті — бұл мүздықтарды кейде альпілік типтегі мұздықтар деп те атайды.
Қарапайым мұздықтар типіне түркістандық мұздықтар типі (қар көшкіндерімен қоректенеді) кіреді. Күрделі мұздықтарға Федченко, Зарафшан, Иныльчек мұздықтары мысал бола алады.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Қ 17 Геология/Жалпы редакциясын басқарған — түсіндірме сөздіктер топтамасын шығару жөніндегі ғылыми-баспа бағдарламасының ғылыми жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты А.Қ.Құсайынов — Алматы: "Мектеп" баспасы Ж А Қ , 2003. — 248 бет. ӀSВN 5-7667-8188-1 ӀSВN 9965-16-512-2
- ↑ Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі. Су шарушылығы. – Алматы, «Мектеп» баспасы, 2002 жыл.
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |