Гоби

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Солтүстік Қытайдағы Гоби шөлі

Гоби (моңғ. Говь; қыт. 戈壁) — Моңғолияның оңтүстік-шығысында және оған іргелес Қытай жерінде жатқан шөлейтті және шөлді аймақ, Азиядағы ең ірі шөл, аумағы 2 млн. км²-ге жуық. Шөл 900 – 1200 м-лік таулы үстірттер мен көтеріңкі жазықтардан тұрады. Климаты тым континенттік, қысы суық, құрғақ, жазы ыстық, қуаң. Қаңтар айының орташа жылдық температурасы –26 – 28°С, кейбір күндері –47 – 50°С-қа дейін төмендейді. Шілденің орташа жылдық температурасы 26 – 28°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 50 – 200 мм аралығында. Ылғалдың басым көпшілігі жазда түседі. Аймақта тұрақты өзен арналары жоқ, сондықтан жер асты суларының маңызы зор. Тау етегінен ағып шығатын бастаулардан шағын шұраттар (оазистер) түзіледі. Олардың ең жиі шоғырланған жері Хангай тауы мен Гоби Алтайы аралығындағы «Өзендер аңғары». Құмды жерлерде сексеуіл, қараған, жүзгін, ал құрғақ өзен арналары бойында шағын тоғайлар өседі. Жануарлар дүниесінде тұяқтылар мен кемірушілер басым. Бөкеннің бірнеше түрі, Пржевальский жылқысы, жабайы түйе мен есек кездеседі. Гоби тұрғындары әр түрлі моңғол тайпаларынан құралған, негізінен мал өсірумен айналысады.

Ортаққорда бұған қатысты медиа санаты бар: Gobi Desert