Тауар таңбасы
Тауар белгісі – бір заңды немесе жеке тұлғаның тауарларын немесе көрсететін қызметтерін екінші бір заңды немесе жеке тұлғалардың осы тектес тауарларын немесе көрсететін қызметтерінен ажыратуға мүмкіндік беретін таңба.
Тауар белгісі өнімді дараландыру тәсілі болып табылады, бұл тәсілді меншіктену құқығы заң бойынша зияткерлік меншікке жатқызылады. Тіркелген тауар белгісіне куәлік беріледі. Тауар белгісі ретінде сөз, бейне, көлем және басқа таңбалар немесе олардың құрамдастырылған түрлері тіркелуі мүмкін. Мемлекеттік елтаңбаларды, тулар мен эмблемаларды, халықаралық ұйымдардың қысқартылған немесе толық атауларын; ресми бақылау таңбаларын, кепілдікті және сынамалық таңбаларды, мөрлерді, наградалар мен басқа да айырым белгілерін білдіретін таңбалар тауар белгісі ретінде тіркеуге алынбайды. Дегенмен, осы құзырлы органдардың немесе иелерінің келісімі болса, олардың тауар белгісіне қорғалмайтын нышандар ретінде енгізілуі мүмкін.
Тауар белгісі заңмен қорғалады және оны тауар үшін тауар белгісі ретінде тіркелген бүкіл тауарға немесе оның бір бөлігіне қатысты жасалған шарт бойынша басқа бір заңды және жеке тұлғаларға беруге болады. Сонымен бірге Тауар белгісінің иесі (лицензиар) тауар белгісін пайдалану құқығын лиценз. келісім бойынша басқа тұлғаға (лицензиатқа) беруі мүмкін. Тауар белгісімен қатар белгілі бір фирманың бір тауарын емес, барлық тауарларын таңбалау үшін символ-белгі түріндегі сауда таңбасы (кейде оны фирмалық белгі деп те атайды) мен шығарылатын өнімге емес, шығарушы фирмаға тиесілі сауда атауы да пайдаланылады. Заң жүзінде қорғалған тауар белгісі, әдетте дөңгелек сызықпен қоршалған латынша R әрпімен – таңбаланады. Тауар таңбасын иеленушінің оны пайдалануға заңмен қорғалған айрықша құқығы болады.
Тауар белгісі (сауда таңбалары) фирмалық тауарларға‚ орамаларға (тоғанақтарға)‚ сызбаларға‚ анықтамалықтарға‚ шоттарға‚ бланкілерге‚ затбелгілерге және тауарлармен‚ жұмыстармен‚ қызметтермен қоса жүретін басқа да құжаттамаларға соғылады. Тауар белгісі зияткерлік белгілерге жатады және негізгі құрал-жабдықты ақыға сатып алған жағдайда айналымнан тыс активтердің құрамында есептеледі. Егер тауар белгісін субъектінің өзі әзірлеген болса‚ онда мұның өзі оның өнімі‚ тауары деп саналады‚ оны өткізу сәтінде және тек оны сатып алған тарапта ғана оның бейматериалдық актив деп бағалануы мүмкін. Тауардың арналуы (жеке бастың пайдалануына немесе қайта сатуына арналуы)‚ ал статистика мақсаты үшін – есеп айырысу сипаты (қолма-қол есеп айырысу немесе қолма-қол ақшасыз есеп айырысу) заң жүзінде бөлшек сауданың басты белгісі болып табылады.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ энциклопедиясы
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |