Мазмұнға өту

Фантастика

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Фантастика (көне грекше: φανταστική – көзге елестету өнері) — әдебиеттің өмір шындығын қиял тұрғысында әсірелеп бейнелейтін жанры. Ғылыми түсінік жоқ кезде фантастика мифологиялық және діни шығармаларда орын алған (Гомердін "Одиссеясы", Овидийдің "Метаморфозалары", шығыс халықтарының "Мың бір түні" және т.б.). Ғылымның дамуына байланысты халық қиялынан шыққан туындылар жарық көре бастады. Мысалы, ғылыми-фантастикалық әдебиетте ғылым мен техниканың перспективалары, адамзаттың табиғат сырларына тереңірек үңілуі өмірдегідей тартымды суреттеліп, басты идеясы ғылымда негіз бар, бірақ әлі іске аспаған жаңалықтармен ұштасып жатады. Ғылыми-фантастикалық әдебиет Ф.Бэконның "Жаңа Атлантида" кітабынан (1627) басталады. 17-18 ғасырда планетааралық сапар (Сирано де Бержерак, Ф.Годвин), болашақ туралы шығармалар (С.Мерсье, "2440 жылы", т.б.) жарық көрген. Фантастика саласында Жюль Верннің шығармашылығы ерекше. 19-20 ғасырларда Герберт Уэллстің "Уақыт машинасы" (1895), "Әлемдер соғысы" (1898), А.Х. Дойлдың "Жоғалған әлем" (1912), т.б. фантастикалық романдары жарияланды. Р.Брэдберидің "Марс хроникалары" жинағына енген "Фаренгейт бойынша 451" романы дараланып шықты. Поляк жазушысы Станислав Лем космос кеңістігіне жауапкершілікпен қарау жөніндегі философиялық ой-толғамдары арқылы ("Астронавтар", 1951; "Солярис", 1961; "Тұмау", 1976, т.б. романдары) әлем жұртшылығына танылды. Кеңес әдебиетінде А.К. Толстой фантастика жанрының негізін салды. Қазақ әдебиетінде фантастика халық қиялынан туған хайуанаттар жайлы, қиял-ғажайып, тұрмыс-салт ертегілерінен бастау алады. Мысалы, "Ер Төстікте", "Керқұла атты Кендебайда", "Қырық өтірікте" фантастика жанрының негізгі элементтері кездеседі. Жазба әдебиетте фантастикалық оқиғалар Абай Құнанбайұлының "Масғұт", "Ескендір" дастандарында, С.Ерубаевтың "Келешек соғыс туралы" повесінде, М.Әуезовтың "Дос - Бедел дос" және "Елу жылдан соң" пьесаларында да бар. Қазақ кеңес әдебиетінде фантастика 1950 жылдан басталады. А.Машановтың "Жер астына саяхат" повесі (1957) республикада ғылыми-фантастикалық әдебиеттің тууына ұйытқы болды. М.Сәрсекеевтің "Ғажайып сәуле" (1959), "Көрінбестің көлеңкесі" (1960), Т.Сұлтанбековтың "Көшпелі алтын" (1964), «Лұхман Хакім» (1966), Ш.Әлімбаевтың "Данышпандық альфасы" (1967). Т.Шахановтың "Көгілдір мұнаралар" (1968), Т.Сүлейменовтің "Жұлдыз адамы" (1969), "Әл-Фараби көпірі" (1968), Ә.Мархабаевтың "Ғарыштағы қымыз" (1972) повестері қазақ фантастикасына елеулі үлес қосты. Соңғы кезде жарық көрген Т.Әбдіковтің "Айтылмаған ақиқат" (1980), М.Гумеровтың "Жұмбақсәуле" (1981), С.Ғаббасовтың "Кәусар" (1985), Н.Кенжеғұлованың "Қиын шешім" (1985), Р.Бектібаевтың "Ионосферадағы алаң" (1988) атты жинақтарында болашақ өзгерістер туралы болжамдар бейнеленеді. Фантастикалық шығармалар кинода елеулі орын алады.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. “ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6
pFad - Phonifier reborn

Pfad - The Proxy pFad of © 2024 Garber Painting. All rights reserved.

Note: This service is not intended for secure transactions such as banking, social media, email, or purchasing. Use at your own risk. We assume no liability whatsoever for broken pages.


Alternative Proxies:

Alternative Proxy

pFad Proxy

pFad v3 Proxy

pFad v4 Proxy