Эфиопия
Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасы амхарша: የኢትዮጵያ ፌዴራላዊ ዲሞክራሲያዊ ሪፐብሊክ оромо тілінде: Federaalawaa Dimokraatawaa Repabliikii Itoophiyaa | |||||
| |||||
Ұран: «Coat of arms of Ethiopia.svg» | |||||
Эфиопия мемлекеттік әнұраны (тыңдау ) | |||||
Тарихы | |||||
---|---|---|---|---|---|
Құрылды | б.з.б. X ғ. | ||||
Тәуелсіздік күні | 5 мамыр 1941 жыл (Италиядан) | ||||
Мемлекеттік құрылымы | |||||
Ресми тілі | амхар тілі | ||||
Елорда | Аддис-Абеба | ||||
Ірі қалалары | Аддис-Абеба | ||||
Үкімет түрі | Федеративтік Парламенттік республика | ||||
Президенті Премьер-министрі |
Сахле-Ворк Зевде Абий Аһмед Әли | ||||
Мемлекеттік діні | Ислам Эфиопиядағы христиан Африка дәстүрлі діндер Эфиопиядағы дін | ||||
Географиясы | |||||
Жер аумағы • Барлығы • % су беті |
Әлем бойынша 26-шы орын 1 104 300 км² 0,7 | ||||
Жұрты • Сарап (2016) • Санақ (2007) • Тығыздығы |
▲ 102 403 196[1] адам (12-ші) 73 750 932[2] адам 92,73 адам/км² (123-ші) | ||||
Экономикасы | |||||
ЖІӨ (АҚТ) • Қорытынды (2019) • Жан басына шаққанда |
244,526 млрд.[3] $ 2,556[3] $ | ||||
ЖІӨ (номинал) • Қорытынды (2019) • Жан басына шаққанда |
88,170 млрд.[3] $ 921[3] $ | ||||
АДИ (2017) | ▲ 0,463[4] (төмен) (173-ші) | ||||
Валютасы | Эфиопия быры | ||||
Қосымша мәліметтер | |||||
Интернет үйшігі | .et | ||||
ISO коды | ET | ||||
ХОК коды | ETH | ||||
Телефон коды | +251 | ||||
Уақыт белдеулері | UTC+3:00, East Africa Time және Africa/Asmara |
Эфиопия (амхарша: ኢትዮጵያ, [ʾiːtjoːṗṗjaː], оромо тілінде: Itoophiyaa), толық атауы Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасы (амхарша:የኢትዮጵያ ፌዴራላዊ ዲሞክራሲያዊ ሪፐብሊክ, [je.iːtjoːṗṗjaː feːdeːralaːwiː diːmoːkraːsiːjaːwiː riːpebliːk], оромо тілінде: Federaalawaa Dimokraatawaa Repabliikii Itoophiyaa) — Солтүстік Шығыс Африкада орналасқан мемлекет. Аумағы 1 127 127 км². Халқы – 117 537 982 адам. Тұрғындарының 3/4 бөлігін амхарлар мен оромолар (галлалар), қалған бөлігін тиграилер, гураге, аргоббалар, данакиль, харари, т.б. құрайды. Эфиопияда сондай-ақ гректер мен армяндар, арабтар, үндістандықтар, пәкстандықтар, т.б. халықтар тұрады. Халқының 13%-ына жуығы – мұсылмандар, 45%-ы – христиандар, қалғандары жергілікті діни нанымды ұстанушылар. Астанасы – Аддис-Абеба қаласы.
Мемлекеттің атауы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Өз атауын ежелгі грек сөзінен (Айтопия, айтопи – “жүздерін күн күйдірген”) алған. Көп уақыт ел Абиссиния деп аталды.
Географиясы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Солт-нде Эритреямен, батысында Суданмен, оңт-нде Кениямен, шығысында Джибути және Сомалимен шектеседі. Ел конституциясы бойынша мемлекет басшысы – президент. Жоғарғы заң шығарушы органы қос палаталы парламент – Федеративтік жиналыс. Ресми тілі – амхар. Әкімш.-аумағы жағынан 9 штат пен астаналық аумаққа бөлінеді. Ұлттық мейрамы – бейбітшілік пен демократия орнаған Күні - 28 мамыр (1991). БҰҰ-ның (1945), Африка Бірлігі Ұйымының (1963) мүшесі. Ақша бірлігі – быр.
Табиғаты
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ефиопия – Африка құрлығындағы неғұрлым биік таулы ел. Аум-ның жартысынан астамы абсолютiк биіктігі 1500 м-ден асатын жерлерде орналасқан (Ефиоп таулы қыраты, ең биік жері – 4623 м).Эфиоп қыраты шығысында бірден үзіліп, Афар ойысымен биікт. 2100 – 2400 м болатын биік жартастар түрінде шектеседі. Қыраттың батыс беткейлері шығыс жағындағыдан аласалау (теңіз деңгейінен 1200 – 1500 м биіктікте). Ефиопия аумағы Африка платформасының шығыс бөлігінде орналасқан. Оның қатпарлы кристаллдық іргетасы елдің солт. мен батысында жалаңаштанады. Іргетастың төм. кешені архейлік гнейстерден және гранит-гнейстерден қалыптасқан. Шөгінді қаптама (қуаттылығы 7 км-ге дейін) мезозой мен кайнозойдың теңіздік және құрлықтық тұнбаларынан қалыптасқан. Кейбір жерлерінде жоғ. палеозойдың мұздық құрылымдары дамыған. Эфиопия үстіртінің көпшілік аумағы сілтілік базальттар – траппалармен (палеоцен-миоцен) жабылған, Афар және Эфиоп рифтісінде плиоцен-ширектік базальттар және олардың туфтары дамыған. Рифтердің осьтік аймақтары солт.-шығысқа қарай (Афар) белсенді кеңейіп, сейсмикалылығымен, қазіргі заманғы жанартаулылықпен сипатталатын мұхиттық қыртысты құрады. Алтын, мыс, никель және марганец кентастарының, табиғи газдың кен орындары бар. Эфиоп таулы қыратын қоршаған аңғарлар ел аум-ның елеулі бөлігін құрайды және кей жерлерінде биікт. теңіз деңгейінен 1500 м-ге дейін жететін үстіртке ауысады.
Климаты
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Климаты – субэкваторлық, ыстық, маусымдық ылғалды, солт.-шығысында – тропиктік шөлдік және шөлейттік (кей жерлеріндегі жылдық жауын-шашын мөлш. 50 мм-ден аз). Эфиоп таулы қыраты үшін биіктік белдемдік тән; Аддис-Абебадағы (биікт. 2400 м-ден астам) орташа айлық температура 13 – 18қ С-қа тең. Афар ойысы – Жер шарындағы ең ыстық жерлердің бірі (ең төм. айлық орташа температурасы 25қС, ең жоғарғысы 35қС). Оңт.-батысындағы жылдық жауын-шашын мөлш. 150 – 600 мм, орт. аудандары мен оңт.-батысында 1500 – 1800 мм-ге тең болады. Э-ның көптеген аудандары 20 ғ-дың 70 – 80-жылдары күшті құрғақшылыққа ұшырады. Эфиоп таулы қыратында өзендер тармағы жиі, құрғақ лавалық үстірттерде сирек (Веби-Шебели, Джуба өз.) Афар ойысында құрғап қалатын өзендер де бар (Аваш өз.). Елдің негізгі өзендері Ніл алабына енеді және Ніл суының молаюында өте маңызды рөл атқарады. Жазғы жауындар кезінде Көгілдір Ніл (Аббай) мен Атбара өз. Ніл өз-н сумен толықтай қамтамасыз етеді. Эфиопияның елеулі су тамырларына сондай-ақ солт-тегі Тэкэзе мен оңт-ндегі Баро мен Гило өзендері жатады. Көлдер Ұлы рифтілік аймақта көп. Ең үлкені – Абая көлі (1300 км²), ең кішісі – Ауаса көлі (150 км²). Олардың кейбіреулері – тұщы сулы, басқалары – тұзды келеді. Елдің ең үлкен көлі – Тана (3150 км²) рифтілік аймақпен байланысты емес тектон. қазаншұңқырда пайда болған. Э-ның солт., шығыс және оңт. бөлігіне бұталы шөлдер, шөлейттер мен шөлденген саванналар тән. Елдің оңт.-батыс бөлігінде жаңбырлы тропиктік ормандар сақталған. Ормандар мен бұталар ел аум-ның 27%-ын алып жатыр. Жануарлар дүниесі саналуан. Ірі сүтқоректілер –киіктер, керіктер, буйволдар, сусиырлар, пілдер, зебралар, тауешкілер басым. Жыртқыш аңдар (арыстандар, қабыландар, т.б.), әр түрлі маймылдар сақталған. Эфиопияда Ұлттық саябақтар (Аваш, Гамбела, Сымен, т.б.), бірнеше қорықтар ұйымдастырылған.
Тарихы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ефиопия аум-н адамдар өте ежелгі замандардан бастап мекендеген. Эфиопиядан табылған археол. ескерткіштердің ең көнесінің жасы шамамен 2,1 млн. жылға тең. Біздің заманымыз басталмастан көп бұрын Ефиопия аум-нда семит-хамит және басқа да тіл топтарына жататын халықтар өмір сүрді. Б.з.б. 1-мыңжылдықта Оңт. Арабиядан жекелеген тайпалар қоныс аударып, жергілікті халықпен араласып кетті. Б.з. бас кезінде Солт. Эфиопия аум-нда аса ірі Аксум патшалығы өмір сүрді. 4 ғ-дан бастап Аксумға христиан діні ене бастады. 11 ғ-да тәуелсіз эфиоп патшалығы – Абиссиния пайда болып, айналасына тоғыз ғасыр бойы үстемдік жүргізді. 15 ғ-дың соңынан Абиссинияға португалдық теңізшілер келе бастады. Отаршыларға қарсы күресу үшін Абиссиния 1889 ж. Менелик ІІ-нің қол астына бірікті. Сөйтіп Ұлыбританияның, Италияның басқыншылық әрекеттеріне ойдағыдай қарсылық көрсетті. 1896 ж. елге басып кірген италиялық армия Адуа түбіндегі Менелик әскерінен жеңіліс тапты. Менелик одан кейін оңт.-шығыстағы Огаден мен батыс жақтағы аумақтарды басып алды. 20 ғ-дың бас кезінде Эфиопия өз тәуелсіздігін сақтап қалған Африкадағы жалғыз мемлекет болды. Бірақ 1936 – 37 ж. Э-ны Италия жаулап алып, оны Италиялық Шығыс Африканың құрамына қосты. 1941 ж. елді ағылшындар азат етті. 1952 ж. Эфиопия Эритреямен федеративтік одақ жасасты. 1962 ж. император Силассия Эритреяны басып алғаннан кейін Эфиопия мен Эритреяны азат етудің Халықтық майданы арасында 30 жылға созылған әскери қақтығыстар басталды. 1974 ж. елде революция болып, билікке әскерилер келді. Кезекті әскери төңкерісте билікке келген Менгисту Хайле Мариам 1977 – 79 ж. Э-да прокоммунистік саясат жүргізді. 1985 ж. 10 жылдан астам уақытқа созылған қатты ашаршылық басталды. 1991 ж. Менгисту Хайле Мариам биліктен тайдырылып, уақытша үкімет құрылды. 1993 ж. өткізілген референдум бойынша Эритреяның тәуелсіздігі мойындалды. 1994 ж. елдің жаңа конститутциясы қабылданды.
Экономикасы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ефиопия – экономикасы нашар дамыған ел. Жалпы жиынтық ішкі өнімдегі а. ш-ның үлесі 55%-ға жуық, өнеркәсіптікі – 7,6%-ға тең. Егіншілік – а. ш-ның негізгі саласы. Солт-нде егіншіліктің ауыспалы, басқа аудандарында отамалы-өртемелі жүйесі қолданылады. Экспортының 85 – 90%-ын а. ш. өнімдері құрайды. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – кофе. Ол Харэре, Кэфа, Сидамо аудандарындағы плантациялардан және елдің батысы мен оңт-ндегі жабайы өскен ағаштардан (өнімнің 70%-ы) жиналады. Бірақ плантацияларда неғұрлым қымбат сорттар өсіріледі. Кат (есірткілік өсімдік) жинау дамыған (Харере штаты). Азықтық дақылдардан – тары (тэфф), жүгері, бидай, қара бидай, бұршақ тұқымдастары (негізінен орт. және шығыс аудандарда) өсіріледі. Тех. дақылдардың ішінде қант құрағы жетекші орын алады. Сондай-ақ майлы дақылдар, мақта, темекі өсіріледі. Мал ш. дамыған (Эфиопия ірі қара малдың саны жөнінен Африкада 1-орын алады). Ірі қара малдан басқа қой, ешкі, жылқы, түйе, үй құстары өсіріледі, ағаш дайындалады (жылына шамамен 50 млн. м3 жуық). Алтын, платина, ас және калий тұздары, темір кентасы, цементтік шикізат пен құрылыс тасы өндіріледі. Өнеркәсібі негізінен өңдеуші кәсіпорындардан құралады. Қолөнер өндірісі: тоқымашылық, тері, сүйек, ағаш өңдеу, т.б. дамыған (Аддис-Абеба, Дыре-Дауа). Ұлт-тық табыстың жан басына шаққандағы жылдық мөлш. 510 АҚШ долл-на тең (1997). Сыртқа кофе (70%), майлы тұқымдар, мал терілерін (10-15%), жеміс-жидек шығарады. Импортының негізін ауыр машина жасау өнеркәсібінің өнімдері, ұшақтар мен басқа да көліктік құрал-жабдықтар, мұнай өнімдері, негізгі өнеркәсіп тауарлары, химия өнеркәсібі өнімдері құрайды. Негізгі сауда серіктестері: Германия, Сауд Арабиясы, Жапония, Ұлыбритания, Италия, Франция. Әдеб.: Бартницкий А., Мантель-Нечко И., История Эфиопии, М., 1976; Африка, энциклопедический справочник, т. 2, М., 1987, Большой энциклопедический словарь, М., 2001. Н. Әшіров[5]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Census.gov Country Rank. Countries and Areas Ranked by Population: 2015. U.S. Department of Commerce (2015). Басты дереккөзінен мұрағатталған 9 мамыр 2013. Тексерілді, 9 мамыр 2015.
- ↑ Country Level. 2007 Population and Housing Census of Ethiopia. CSA (13 July 2010).
- ↑ a b c d Report for Selected Countries and Subjects: Ethiopia. World Economic Outlook Database. International Monetary Fund.
- ↑ 2018 Human Development Report. United Nations Development Programme (2018). Тексерілді, 14 қыркүйек 2018.
- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, X том