Мазмұнға өту

Әдебиет

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Әдебиет (араб.: асыл сөз‎) — сөз өнері, әлеуметтік мәні бар шығармалар жиынтығы.

Мазмұнына қарай саяси, ғылыми, техникалық, көркем әдебиет болып бөлінеді. Әдебиет атауы көбінесе, көркем әдебиет мағынасында қолданылады. Ахмет Байтұрсынұлы оған: «Бір нәрсенің жайын, күйін, түрін, түсін, ісін сөзбен келістіріп айту өнері», «Сөз өнері» деп баға берген. Әдебиет — жалпы өнердің бір саласы. Бірақ, әдебиет қоғамдық сананың ерекше түрі есебінде шындықты логикалық ойлау жүйесімен емес, көркем тіл арқылы, сөз өнерінің күшімен суреттелуді талап етеді. Көркем бейненің сыртқы сұлбасымен бірге ішкі мазмұнын, сырын оқырман тұшынып сезіне алатындай етіп ашады, адамның жан дүниесі мен ішкі сезім байлығын көзге елестету арқылы қоғамдық санаға әсер етеді. Оның «Өнер атаулының ең қиыны және күрделісі» (Бальзак), «Өнердің ең жоғарғы түрі» (В. Белинский) болатыны да осыдан. Қазақ та «Өнер алды — қызыл тіл» деп тегін айтпаған.

Әдебиеттің суреттейтіні — адам. Оны жалпылай емес, нақты, тұлға (образ) дәрежесіне көтере даралап көрсетеді. Адам қашан да бір ортада өмір сүреді, еңбек етеді, сол ортада өзін жан-жақты таныта, көрсете біледі. Сондықтан әдебиет адамды «қоғамдық қарым-қатынастардың жиынтығы» (Карл Маркс) ретінде, өз ортасының шындығымен жан-жақты байланыста бейнелейді. Дара тұлға айналасындағы тіршілікпен тұтастықта ашылады.

Адам бейнесін жасауда жеке бір адамға тән мінез-құлықты да, көпке ортақ сипаттарды да жинақтау тәжірибесі пайдаланылады. Типтік бейне қашан да жинақтау жолымен жасалады. Өмірде сирек ұшырасатын не жиі кездесетін деректердің қайсысы болса да типтік бола алады. Ең бастысы — шындықтың адам табиғатына сиымдылығы және нанымдылығы. Сондықтан да әдебиет нақты адаммен бірге сол адам өмір сүрген дәуірдің шежіресі, көркем тарихы болып табылады. Қазақ әдебиетінің тарихы — белгілі мөлшерде қазақ халқының тарихы да, онда халық бастан кешкен әрқилы дәуірлер мен оның адамдарының бейнесі жасалған, ой-арманы бейнеленген. Осының бәрін көркемдікпен суреттеп танытуда әдебиет тілінің маңызы үлкен. Ол — жазушылық шеберліктің негізгі. «Әдебиетші… — қаламымен ғана жазбайды, сөзбен сурет салады, адамды бір қалыпта ғана суретке түсіретін сурет өнері сияқты емес, үнемі қозғалыс, әрекет үстінде, таусылмайтын кездесулер мен қақтығыстардың жағдайында… суреттейді» (М. Горький). Әдебиет адамның өмір тануына, оның эстет. ұғым-түсінігін, сезімін байытуға қызмет етеді. Оның тәрбиелік мәні зор, жарқын жасалған жақсы тұлғаларға оқырман елігеді, оған ұқсауға тырысады. Халық өмірінің жан-жақты бейнеленген суреті мен оның көрнекті өкілдерінің бейнесін жасаған, азаттық, тәуелсіздік жолындағы арман-тілегін суреттеген әдебиет халықтық болып саналады. Шығарманың тақырыбы мен идеясын да оның халықтық сипаты белгілейді. Өмірді тану мен оны көркем бейнелеудің ғасырлар бойғы тәжірибесі әдебиеттің өзіндік ерекшеліктерін туғызған. Ол тегі жағынан эпос, лирика, драма болып бөлінеді. Олардың әрқайсысы іштей бірнеше түрден (жанрдан) тұрады. Шындықты танып, көркем бейнелеудің әдісі де әртүрлі. Олар белгілі бір дәуірдің өзгешеліктерінен туады. Әлем әдебиеті классицизм, романтизм, реализм сияқты шығармашылық әдістерді басынан өткерген. Солардың ішінде шындықты шынайы бейнелеуі, өмір құбылыстарын нақты адам тағдырына байланыстырып терең ашуы жағынан реалистік өнер әдебиет дамуының ең биік сатысы саналады.

Әдебиет — ұлттық категория. Ол алдымен ұлттық түрде, сол халықтың дәстүрлері мен тарихи дамуының ерекшеліктері негізінде жасалады. «Әдебиеттің мазмұнын оның халқының өмірі береді» деген В. Г. Белинский. Көркемдік ізденісте ол әлем әдебиетінің озық үлгілерінің тәжрибесін пайдаланады. Оның дәстүрмен байланысы, жаңашылдығының да сыры осында. Сөйтіп, әр халықтың өзіндік әдебиетінің үлгісі жалпы адамзатқа ортақ мұраны құрайды. Әдебиет ауыз әдебиеті және жазба әдебиеті болып бөлінеді. Қазақ әдебиетінің көшпелі дәстүрде туған, ауызша шығарылып, халық жадында сақталған әдебиеттің тарихи зор саласы — ауыз әдебиеті (фольклор). Оның түрлері де сол шыққан дәуірі мен жанрлық ерекшеліктерінен туындайды. Оларда тұрмыс-салт жырлары, шешендік сөз өнері, айтыс, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ертегілер, эпостың түрлері (батырлық, ғашықтық, дастандар түрінде), тарихи жырлар кең дамыған. Олар өз кезіндегі қазақ халқының көркемдік ойлау жүйесін анық танытады. Жазба әдебиет (тарихи әдебиет) қазақтың ұлт болып құралып, мемл-тігінің тууына байланысты өркендеген. Онда халықтың тұрмыс-тіршілігінің суреттері мен дербес болуының идеясы жырланған. Елді осы жолда бірлікке шақыру, көрші елдердің отаршылдық саясатына қарсылық кең көрінеді. Ал, қазақтың дүн. жүз. дамуындағы орнын түсініп, Әдебиет арқылы ағартушылық, демократиялық көзқарасты насихаттау ХІХ ғ-дың екінші жартысында Абайдың, Ыбырай Алтынсариннің, Шоқан Уәлихановтың шығармаларында көрініс тапқан. Осы тұстан бастап, Әдебиет халық өмірінің қайшылықтарын көркем бейнелеген қуатты құралға айналды. ХХ ғ-дың басында Ресей отаршылдығының астында езілген халықтың жан ашуын Ахмет Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, С. Торайғыров т. б. батылдықпен көтеріп, ағартушылық, демократиялық әдебиет дәстүрін тәуелсіздік жолындағы күрес идеясымен ұштастырды. ХХ ғ-да, кеңестік дәуірдің қайшылықты саясатына қарамастан, қазақ әдебиеті Еуропа әдебиетінің жанрлық түрлерін игеріп, шын мағынасындағы көркемдік биігіне көтерілді. Оның озық үлгілері әлемдік деңгейде танылды. Қазақ әдебиетінің бұл тұстағы табыстары Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Мұхтар Әуезовтің, Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіровтің, Бейімбет Майлиннің, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Ғабиден Мұстафиннің, Асқар Тоқмағамбетовтің, Тайыр Жароковтың, Ғали Ормановтың, Қасым Аманжоловтың, Әбділда Тәжібаевтың, Жұбан Молдағалиевтің, Сырбай Мәуленовтің, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің, Тахауи Ахтановтың, Олжас Сүлейменовтың, Әбіш Кекілбаевтың, Мұхтар Мағауиннің, Сәкен Жүнісовтің, Шерхан Мұртазаның, Тұманбай Молдағалиевтің, Қадір Мырза Әлінің т. б. шығармашылық өнерімен байланысты. Заманның қайшылықты сипаты да, әдебиет дамуының қиыншылықтары да осылардың өмірі мен еңбегінен көрінді.[1]

Тағы қарыңыз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ Ұлттық энциклопедиясы
pFad - Phonifier reborn

Pfad - The Proxy pFad of © 2024 Garber Painting. All rights reserved.

Note: This service is not intended for secure transactions such as banking, social media, email, or purchasing. Use at your own risk. We assume no liability whatsoever for broken pages.


Alternative Proxies:

Alternative Proxy

pFad Proxy

pFad v3 Proxy

pFad v4 Proxy